Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 3-бөлігіне сәйкес қоғамдық орындарда адамның жүзін тануға кедергі келтіретін киім киюге тыйым салынған. Оған балаклава, медициналық мақсаттан тыс бетперде, никаб пен адамның бет-жүзін толық немесе ішінара жабатын өзге де киім түрлері кіреді.
- Жыл басынан бері облыста аталған бап бойынша 303 әкімшілік құқық бұзу дерегі тіркелді. Соның 301-іне ескерту берілсе, 2-іне айыппұл салынды. Іс-шара барысында полиция қызметкерлері тұрғындармен кездесіп, заң талаптарын түсіндіріп, ақпараттық жадынамалар таратты. Сонымен қатар азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, қоғамдық орындарда құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған жұмыс жүргізді. Әсіресе, сауда-ойын-сауық орталықтарында, білім беру ұйымдарында және адамдар көп шоғырланатын орындарда профилактикаға мән беріледі, - делінген облыстық полиция департаментінің хабарламасында.
Полицейлердің айтуынша, мұндай іс-шаралардың негізгі мақсаты – азаматтарды жауапкершілікке тарту емес, құқықбұзушылықтың алдын алу. Заң талаптарын алғаш рет бұзған азаматтарға ескерту жасалады. Ал құқық бұзушылық қайталанған жағдайда заңнамаға сәйкес 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынады.
Бұған дейін Маңғыстауда бетін тұмшалаған 50 шақты адамға ескерту жасалған болатын.