ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында ата-анасы қадағалаусыз қалдырған 10 бала көпқабатты үйдің терезесінен құлап кеткен.
Былтыр дәл осындай 14 оқиға кездескен еді.
Биылғы бес айдың ішінде дәл осындай 9 жағдайда 10 бала жарақат алды. Оқиғаның барлығы Қызылорда қаласында болған.
Айта кетсек, мамыр айында бір күнде үш бала көпқабатты үйдің терезесінен құлап кеткен. Оның ішінде біреуінде бір үйден екі балаға зақым келген.
«Балалардың бәрі аман, денсаулығы бірқалыпты. Департамент қызметкерлері қалада орналасқан көпқабатты тұрғын үйлерге ескерту жасап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Тұрғындардан үйде кішкентай бала болса, терезені ашық қалдырмауды сұраймыз. Терезенің қорғаныш қабаты болмаса москит торын пайдалануға болмайды», — деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Жандос Жүгінісов.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.