Қызылордада бір айда 139 адам пробациялық бақылау талабын бұзған

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысында бір айға созылған «Қауіпсіз үй» республикалық профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды.

Фото: ІІМ

Қызылорда облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің пробация қызметі облыстық полиция департаментімен бірге пробациялық бақылауда тұрған азаматтардың тұрғылықты мекенжайын тексерді. 

- Іс-шара аясында 3 мыңнан астам рет тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 139 адамның пробациялық бақылау талаптарын бұзғаны анықталды. Оның 76-сы үйінде болмаған, 23-і цифрлық пробация талаптарын сақтамаған. 29 адам электронды бақылау құралдарына қатысты заң талабын бұзса, 11 адам әкімшілік құқықбұзушылық жасаған, - делінген департамент хабарламасында. 

Анықталған заңбұзушылықтар бойынша сотқа 58 адамға қатысты бас бостандығын шектеу жазасының өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы ұсыныс жолданды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қызылорда қалалық пробация қызметінің есебінде 600-ге жуық адам бар.