Қызылордада бір көшеде заңсыз салынған 7 жазғы кафе бұзылды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Жыл басынан бері жеке және заңды тұлғалардың жолданымы негізінде Қызылорда облысының құрылыс саласында жоспардан тыс 82 тексеру жүргізілді.

Фото: Қызылорда облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы

Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының мәліметінше, оның 62-сі бойынша айыппұл салынып, анықталған ақаулар мен кемшіліктерді жою жөнінде нұсқама берілді.

Фото: Қызылорда облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы

- 270 әкімшілік іс қозғалып, оның 219-ы басқарма тарапынан қаралды. 65 млн 185 мың теңгеге жуық айыппұл салу жөнінде әкімшілік шара қолданылды. Бұл өткен жылға қарағанда 6,5 млн теңге шамасында артық. Айыппұлдың 48,5 млн теңгеге жуығы бюджетке өндірілді, - деді басқарма басшысы Ғанижан Қалиев.

2023-2025 жылдар аралығында облыстық прокуратура сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мемлекеттік лицензия бойынша заңнама талаптарының сақталуын тексерген болатын. Нәтижесінде 48 әкімшілік іс қозғалса, 11 млн 266 мың теңгеден астам айыппұл салынып, ол толығымен мемлекет пайдасына өндірілді.

- Тұрғындардың өтініші негізінде Қызылорда қаласының Желтоқсан көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлерге жапсарлас салынған 7 жазғы кафенің құрылысына бақылау жүргіздік. Нәтижесінде заңнама талаптарына қайшы салынған нысандар анықталып, меншік иелеріне оларды бастапқы қалпына келтіру туралы нұсқама берілді. Қабылданған шара нәтижесінде заңсыз салынған жазғы кафелердің құрылысы толық бұзылып, аумағы бұрынғы қалпына түсті, - деді басқарма басшысы.

Ал бұған дейін Алматыда қала құрылысын бақылау басқармасының өкілдері Розыбакиев көшесі, 249/1 мекенжайындағы қосалқы салынған нысанды бұзу жұмыстарының басталғанын айтты.