Бұл қылмыстық іс Қызылорда қаласының №2 сотында қаралды.
Қылмыстық іс жеті эпизодтан тұрады. Сотталушы мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттік берілген адам екеніне қарамастан өзiнiң қызмет бабын пайдаланған. Өзіне сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде жымқырған.
- Сотталушы зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді тағайындау бөлімінің бас маманы қызметін атқарған. Қызмет бабын пайдаланып, өзінің шотына 2018-2024 жылдар аралығында бюджет қаражатын заңсыз аударған. Оны жеке бас пайдасына жаратып, мемлекетке ірі мөлшерде залал келтірген. Сотталушының қылмыстық әрекетінен мемлекетке жалпы 24,7 миллион теңгедан астам мүліктік залал келген. Сот отырысында сотталушы өзіне тағылған айыпты мойындады. Өз әрекетіне өкінетінін көрсетті. Асырауында кәмелетке толмаған балалары барын ескеріп, бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады, - деп мәлім етті Қызылорда қаласының №2 сотынан.
Жәбірленуші өкілі сотталушы шығынды толық өтегенін және басқа талабы жоқ екенін көрсетті.
- Сот үкімен сотталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі 2)-тармағымен кінәлі деп танылды. Оның мүлкі тәркіленбейді. Белгілі бір лауазымды атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Оған 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚР Қылмыстық кодексінің 74-бабының 1-бөлігі қолданылып, он төрт жасқа толмаған баласы бар әйел ретінде жазасын орындау бес жылға дейін кейінге шегерілді. Пробациялық бақылау белгіленді, - деп толықтырды соттан.
Еске салсақ, бұдан бұрын Жамбыл облысында 2,5 ай бұрын жоғалған жігіт Қызылордадан табылды.