Қызылордада бюджет қаражатын жымқыруға қатысты 15 іс тергелді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Биыл 9 айда Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өндірісінде 41 қылмыстық іс болды.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Оның 26-сы бойынша тергеп-тексеру аяқталып, 23 қылмыстық іс сотқа жолданды.

– Қылмыстық істер шеңберінде мемлекетке 1 млрд 18 млн теңге көлемінде залал келген. Қабылданған шаралардың нәтижесінде оның 848 млн-ы мемлекетке қайтарылды. Бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша 15 іс тергеліп, 7 іс сотқа жолданды, – деді департамент басшысының орынбасары Руслан Сатыбалдиев.

Сала өкілдері 2 қаржы пирамидасының жолын кесті.

– Тергеп-тексеру барысында жәбірленушілердің 59 млн теңге шамасында жапа шеккені анықталды. Соттың заңды күшіне енген үкімдері негізінде мемлекет кірісіне құны 5 млн теңге автокөлік және 2 млн 947 мың 945 USDT криптоактивтер тәркіленген. Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру бойынша 2 қылмыстық іс сотқа жолданды. «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі арқылы қаржы пирамидалары мен алаяқтыққа қатысты 10 000-нан астам сілтеме бұғатталды, – деді Руслан Сатыбалдиев.

Еске сала кетсек, Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мал шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаны іске асыруға бөлінген қаражаттың қолды болғанын анықтады.