Қызылордада дала өртіне ғарыштан бақылау орнатылған
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Биыл Қызылорда облысының орман қорында 8 өрт оқиғасы тіркелді.
Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы да дәл осынша дерек есепке алынған. Өрт оқиғалары Жаңақорған, Шиелі, Сырдария және Қазалы аудандарында тіркелген.
Тілсіз жауды бақылауға «Қазақстан ғарыш сапары» мекемесі тартылған.
- Мекеменің сайты арқылы департамент кезекшісі күнделікті космомониторинг жүргізеді. Космомониторинг кезінде анықталған белгілер бойынша координаттары нақтыланып, қауіп төнген елді мекеннің жергілікті атқарушы органдарынан ақпарат алынады, - делінген департамент хабарламасында.
Қызылорда облысындағы 7 млн 300 мың гектар жер орман қорында. Оның 3 млн 800 мың гектары — тоғайлы алқаптар. 26 наурызда далалық аумақ өртін бақылау күшейтілді.
Мамандар климаттың құрғақ болуына байланысты дала өрттерінің пайда болу және тез тарау қаупі аса жоғары екенін айтып отыр.
Айта кетейік, жыл басынан бері Қызылорда облысында 100-ге тарта өрт оқиғасы болған. Тілсіз жаудан 2 адам көз жұмды.