Облыстық мәдениет,архивтер және құжаттама басқармасы хабарлағандай, фестивальдің шымылдығы қызыл кілем үстіндегі шерумен түрілді. Іс-шараға қазылар алқасының мүшелері, құрметті қонақтар мен еліміздің әр өңірінен келген театр ұжымдары қатысты.
– Салтанатты жиында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай құттықтау сөз сөйлеп, қазақ театртану ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті ғалым, профессор Бағыбек Құндақбаевтың шығармашылық мұрасы мен ұлттық театр өнеріндегі айрықша орнын атап өтті. Бағыбек Құндақбаевтың қыздары Гүлжәмила мен Күлипа Бағыбекқызына шапан жабуып, гүл шоқтарын ұсынып, ерекше құрмет көрсетті. Мерекелік бағдарлама жергілікті өнерпаздар мен театр әртістерінің қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты, – делінген хабарламада.
Іс-шара аясында құрметті қонақтар Бағыбек Құндақбаевтың өмірі мен шығармашылық жолынан сыр шертетін фотосуреттер, еңбектері мен театртану саласына қосқан үлесін айшықтайтын құнды материалдар қойылған көрмені тамашалады.
– Өнер мерекесінде алғаш болып І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры өнер көрсетті. Театр ұжымы Міржақып Дулатұлының өмір жолы мен ұлт азаттығы жолындағы күресін бейнелейтін «Міржақып» драмасын сахналады. Тарихи тұлғаның тағдырын арқау еткен қойылым көрерменге ұлт тарихын тереңірек тануға мүмкіндік беріп, елдік мұрат пен рухани құндылықтардың маңызын жеткізді, – деп хабарлады басқармадан.
Ұйымдастырушылар фестиваль театр өнерінің дамуына серпін беріп, ұлттық сахна мәдениетінің үздік үлгілерін насихаттауға жол ашады деп есептейді. Республикалық іс-шара 24 қазанға дейін жалғасады.
Ал жуырда Атырауда Рахымжан Отарбаев атындағы ІІІ халықаралық театр фестивалі өтті.