- Қалада көптеген жаңа нысан салынып, аумағы жыл сайын ұлғайып келеді. Қызылордада 240 мегаваттық жылу электр станциясы іске қосылғанын білесіздер. Бүгінде ол өндірілген қуатты 220 кВ электр желісіне береді. Бұл оңтүстік өңірде жарық тапшылығын болдырмауға ықпал етеді. 220 кВ электр желілері «KEGOC» компаниясының меншігінде. Ал Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы Қызылорда қаласын 35 кВ электр желілері мен 35/10 кВ қосалқы станциялары арқылы электр энергиясымен қамтамасыз етіп отыр, - деді «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ-ның оңалту басқарушысы Бауыржан Жантасов.
Тозығы жеткен нысандарды ауыстыру, жаңалау бағытында компанияның инвестициялық бағдарламасы аясында және облыстық бюджет есебінен жұмыс атқарылып жатыр.
- Қаланың Жаңа базар, ГОВД, Универсам, Орталық алаң, Арсенал, Болашақ шағын аудандарына ортақ қосалқы станцияның жүктемесін бөлу мақсатында қосымша қуаты 6 300 кВА Т-3 күштік трансформатор орнатылды. Әл Фараби, Комсомол, Шанхай, Қорқыт ата, КБИ шағын аудандарының орталық тарату пунктінің жүктемесін бір қосалқы станциядан екіншісіне ауыстыру үшін 3 шақырым 10 кВ кабель желісі тартылып, қосылды. Тасбөгет кентіндегі орталық тарату пунктінің әуе желісі өткен ғасырдың 70-жылдары салынған, әбден тозып тұрған болатын. Өткізу қабілетін арттыру мақсатында оның 1,2 шақырымын 10 кВ кабель желісіне ауыстырдық, - деді Бауыржан Жантасов.
Ауа райының өзгеруіне байланысты кейбір электр қондырғылары мен желілерінің қызуынан ақаулар шыққты. Дегенмен, компания мамандары оны дер кезінде қалпына келтіріп жатыр. Осының арқасында электр энергиясының тапшылығы сейілді.
Жалпы, аптап ыстық Қызылорда қаласының коммуналдық қызметі қай деңгейде екенін көрсетті. Оның ішінде тіршілік нәріне сұраныстың артуы да бұл саланың жұмысына сын болғаны рас.