Қызылордада электронды білезік таққандардың қандай шектеулерді жиі бұзатыны белгілі болды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды электронды білезіктер арқылы бақылау тиімділігін көрсетіп отыр.

Фото: Қызылорда облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті

Облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері осы құрылғылардың көмегімен 104 құқықбұзушылық анықталған. 

— Оның ішінде 97 жағдайда сотталғандардың түнгі уақытта белгіленген мекенжайынан рұқсатсыз кеткені тіркелсе, 4 дерек пробация қызметінің келісімінсіз әкімшілік аумақтан шыққан азаматтарға қатысты. Ал 3 жағдайда электронды білезік бүлінген, — делінген хабарламада.

Электронды білезіктер жазаны өтеу тәртібін бірнеше рет бұзған, шартты түрде сотталған немесе қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіруі мүмкін азаматтарға қолданылады. 

— Бұл құрылғылар тәулік бойы бақылау жүргізуге және сот жүктеген міндеттер мен шектеулердің орындалуын қадағалауға мүмкіндік береді. Жыл басынан бері пробациялық бақылаудағы 24 сотталған жазаны өтеу тәртібін қаскөйлікпен бұзған. Сол үшін сотқа олардың жазасын бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру ұсынылды, — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Департамент тарапынан пробация есебіндегі сотталғандарды қоғамға бейімдеу, олардың заң талаптарын сақтауын қамтамасыз ету және қайталанған құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыс жалғасын таппақ. 

Еске салайық, бұдан бұрын Қызылордада пробация есебіндегі сотталған электронды бақылау құрылғысын масаң күйде үзіп тастағанын хабарлаған едік.