ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті «Кристалл Менеджмент» АҚ-да жоспардан тыс тексеру жүргізді. Оған «Ақшабұлақ» кен орнындағы газ шығынын өлшеу жүйесіндегі ықтимал заңбұзушылықтар туралы өтініш негіз болды.
Тексеру барысында компания пайдаланатын газ шығынын өлшеу жүйесі (есепке алу торабы) міндетті метрологиялық аттестаттаудан өтпегені және өлшем бірлігін қамтамасыз ету жүйесінің мемлекеттік тізіліміне енгізілмегені анықталды.
Заңнамаға сәйкес мұндай жүйелер міндетті түрде тексеруден өткізіліп, тіркелуге жатады. Оларды тиісті процедураларсыз пайдалану тауарлық газ көлемін өлшеудің дәлдігіне күмән келтіруі және бақыланбайтын шығындарға әкелуі мүмкін.
— Газды есепке алу жүйесін сәйкестікті растаудың міндетті рәсімдерінен өткізбей пайдалану өлшеулердің дәлдігіне күмән келтіреді және жеткізілген газдың нақты көлемі туралы деректерде алшақтықтарға әкелуі мүмкін, — деп атап өтті төраға орынбасары Бауыржан Касымов.
Тексеру қорытындысы бойынша «Кристалл Менеджмент» АҚ-на қатысты «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» Заң талаптарын бұзу анықталды. Компания әкімшілік жауапкершілікке тартылды: 670 375 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді.
Бұдан бұрын Жетісуда екі жылда 13 елді мекен газдандырылатыны айтылды.