Қызылордада гектарына 49,6 центнер күріш жиналып жатыр

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Биыл Қызылорда облысында 193,7 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді.

Фото: Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, күріш көлемі 10,9 мың гектарға қысқарып, 70,1 мың гектарға Сыр салысы егілді.

- Бүгінгі күні күріштің 59,9 мың гектары үстеп қоректендіріліп, 62,3 мың гектары арамшөптерге қарсы өңделді. Сонымен қатар егілген 70 мың гектар күріштің суы 31 тамыз күні толық байланды. Жоспарланған дәндік жүгері дақылының бүгінгі күні 10 557 гектары (100,2%) егіліп болып, күтіп-баптау жұмысы жүргізіліп жатыр, - делінген хабарламада.

10 қыркүйектегі мәлімет бойынша күріштің 5 238 гектары орылып, 2 882 гектары бастырылды. Өнім көлемі – гектарына орта есеппен 49,6 центнер.

- Мал азығын дайындау бойынша облыстың шаруашылық құрылымдары күтімге алған 49 мың гектар ескі жоңышқаның 2 380 гектары тұқымға қалдырылды. Орылуы тиіс 46,6 мың гектардан үш орымнан жалпы 283,5 мың тонна жоңышқа шөбі дайындалды. Мал азығын дайындау жалғасып жатыр, - делінген хабарламада.

Еске салайық, Сыр өңірінде күріш жинау науқанына алғашқы орақ 4 қыркүйекте түсті.