Жиында Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмаларды іске асыру, экономиканың шикізаттық моделінен өнімді терең өңдеуге көшу, су ресурстарын тиімді пайдалану, цифрлық технологияларды енгізу және өңірлік ғылымның рөлін күшейту мәселелері талқыланды.
Отырысқа облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешов, Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев қатысты. Сондай-ақ онлайн форматта Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, академия мүшелері, жоғары оқу орындарының басшылары, ғалымдар мен бизнес қауымдастық өкілдері қосылды.
Жиында «DeepBas» жобасының таныстырылымы өтіп, су ресурстарын басқару, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, экологиялық тұрақтылық, қайта өңдеу саласын ғылыми сүйемелдеу және тау-кен өнеркәсібінде минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу бағытындағы ұсыныстар ортаға салынды.
– Президент ғылымды ел дамуының негізгі қозғаушы күші ретінде айқындап, ғылыми әлеуетті арттыруды стратегиялық басымдық деп атаған болатын. 2026–2030 жылдарға арналған облыстың даму жоспарына жалпы өңірлік өнімдегі ғылыми-зерттеу жұмыстары шығындарының үлесі арнайы көрсеткіш ретінде енгізілді. Облыс әкімдігі жанынан ғылыми кеңес құрылып, кешенді жұмыс жоспары бекітілді, – деді Данияр Жаналинов.
Оның айтуынша, кейінгі үш жылда ғылымды дамытуға шамамен 4 млрд теңге бағытталған. Былтыр ғана бұл салаға 1,3 млрд теңге бөлініп, 2020 жылмен салыстырғанда қаржыландыру көлемі бес есе артқан. Қазір өңірде 400-ден астам маман ғылыми-зерттеу және тәжірибелік жұмыстармен айналысады.
Сонымен қатар Ы. Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты жеті ғылыми жобаны жүзеге асырып жатыр.
Басқосуда ғылыми-зерттеу институттарының, ғылыми-өндірістік орталықтардың және жоғары оқу орындарының жетекшілері сөз сөйледі. Нәтижесінде Қызылорда облысында су ресурстарын басқару, экология, қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібін дамытуға бағытталған қарар мен бірлескен жұмыс жоспарын әзірлеу туралы шешім қабылданды.
Көшпелі отырыс аясында форсайт-сессия ұйымдастырылып, академия мамандары жергілікті кәсіпорын өкілдеріне технологиялық олқылықтарды анықтау әдістерін үйретті. Сондай-ақ өңір кәсіпорындарында енгізуге дайын инновациялық әзірлемелер көрмесі өтті.