Қызылордада инвесторға заңсыз шара қолданған басқарма басшысына айыппұл салынды

АСТАНА. KAZINFORM — Олардың әрқайсысына 432 500 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.

Фото: Максат Шагырбаев/ Kazinform

Қызылорда қаласының прокуратурасы негізсіз жеделден қою шарасы қолданылған инвестор — «TEMA RETAILKZ» ЖШС-нің құқықтарын қорғау бойынша шаралар қабылдады.

Атап айтқанда, Қызылорда қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы аталған шараны прокуратура органдарымен алдын ала келіспей қолданған. Бұл ретте тиісті шешім келісуге оны қабылдағаннан кейін ғана жолданған.

Прокуратура жүргізген тексеру нәтижесінде шешімнің негізсіздігіне байланысты оны келісуден бас тартылды.

Анықталған заң бұзуды жою мақсатында қала прокуратурасы Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне прокурорлық қадағалау актісін енгізді. Аталған актіні қарау нәтижесінде инвесторға қатысты заңсыз қолданылған жедел ден қою шарасының күші жойылды.

Сонымен қатар кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін қалалық басқарманың басшысы мен бас маманы Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 173-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың әрқайсысына 432 500 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.

Айта кетелік шетелдік инвестордың банктік шоттары заңсыз бұғатталғаны анықталған еді.