Қызылордада инвесторлар қандай ірі зауыттарды ашады
АСТАНА. KAZINFORM — Алдағы үш жылда Қызылорда облысында 2 трлн 800 млрд теңгеге 98 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 12 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады. Облыстағы ірі жобалар жөнінде әкім Нұрлыбек Нәлібаев айтып берді.
Әкімнің айтуынша, биыл 300 млрд теңгеден астам қаржыға 27 инвестициялық жоба іске қосылды.
— Шілде айында 5 млрд теңгеге толық автоматтандырылған «Қызылорда Саз-М» серіктестігінің кірпіш зауыты ашылды. Зауыт жылына 90 млн кірпіш шығарып, жергілікті құрылысқа қажетті сұраныстың 90 пайызын қамтамасыз етеді. «Қызылорда Нан» серіктестігінің нан, кондитерлік-макарон өнімдерін өндіретін кешені іске қосылды. Кешеннің жалпы құны — 5 млрд 600 млн теңге. Бұдан бөлек, 753 млрд 300 млн теңге болатын 14 ірі жобаның құрылысы басталып жатыр, — деді Н. Нәлібаев елордада Орталық коммуникациялар қызметінде.
Ірі жобалар арасында 414 млрд 700 млн теңгеге «Шалқия» кен-байыту фабрикасы; 161 млрд 400 млн теңге болатын — «Кальциленген сода» зауыты; 60 млрд теңгеге — «Севен Риверс» компаниясының бөтелке шығаратын зауыты; 37 млрд 800 млн теңге болатын — оңтүстік кореялық «Уиз Ю» компаниясының тұрмыстық қатты қалдықтар өңдеу зауыты бар.
— «Табиғи тас Қызылорда» серіктестігімен 17 млрд 300 млн теңгеге жылына 1 млн тонна әк шығаратын зауыт келесі жылы іске қосылады. Өткен аптада ғана испандық «Рока групп» компаниясымен жылына 500 мың бұйымға дейін санитарлық-техникалық өнімдер шығаратын жоғары технологиялық зауыт салу жөнінде инвестициялық келісімге қол қойылды. Елімізде салынатын алғашқы зауыттың құны 44 млрд теңгені құрайды. Онда 300-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылады, — деді облыс әкімі.
Сонымен бірге, 134 млрд 500 млн теңгеге «Фабе-Агро» компаниясымен бірлесіп, жылыжай салу жобасы жүзеге асырылады.
Өңірде аграрлық-индустриялық кластер құру мақсатында 51 млрд теңгеге швейцариялық «Харвест Агро» компаниясымен техникалық қара сора, жүгері мен сояны өсіру, қайта өңдеу және 40 млрд теңге болатын жүгері дақылын терең өңдейтін крахмал-сірне зауытының құрылысы басталды.
Айта кетейік, биыл Қызылорда облысының бюджеті 851 млрд теңгеден асты. Бюджет қаражатын оңтайландыру мақсатында 2022 жылдан бастап әлеуметтік салаға терең талдау жүргізілген. Нәтижесінде 108 млрд теңге қаржы үнемделген.
Биыл Қызылордаға 750 млрд теңгеден астам инвестиция тартылады.