Қызылорда облысында жедел құтқару жасағының мамандары каналға құлаған тиегіш трактор ішінде қалып қойған 50 жастағы азаматты құтқарып қалды, деп хабарлайды Kazinform.
Оқиға бүгін, 24 қазанда сағат 8.50 шамасында Сырдария ауданына қарасты Жетікөл ауылында болған.
«Сол аумақтағы канал ішіне тиегіш трактор аударылып, ішінде адам қысылып қалған. Түскен хабарлама бойынша оқиға орнына жедел құтқару жасағынан 7 құтқарушы 2 техникамен барды. «XCMG LW300KN» маркалы тиегішінің жүргізушісі өздігінен канал ішіне аударылып құлап кеткен. Құтқарушылар кабина ішінен 1973 жылғы азаматты сыртқа шығарды. Ол жедел жәрдем бригадасына тапсырылды», - деп мәлім етті Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің» баспасөз-хатшысы Әлия Ережепова.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.