Қызылордада кәсіпкердің қызметіне заңсыз араласқан СЭС басшысы жазаланды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Байқоңыр қаласының прокуратурасы Қармақшы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тарапынан кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу фактісін анықтады.

Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Басқарма өкілдері Төретам кентінде орналасқан азық-түлік дүкенінен бақылау мақсатында 38 өнім сатып алған. Алайда оның арасында сатып алу жоспарында көзделмеген тауарлар болған.

- Мысалы, майлылығы 2,5% «Петропавловское» ультрапастерленген сүт өніміне қатысты жедел ден қою шарасын қолдану туралы қаулылар шығарып, тауарды сатылымнан алып тастауды талап еткен. Нәтижесінде жеке кәсіпкердің өнімді сатылымнан алып тастауға, яғни тыйым салынбаған тауарды сатудан түсетін пайданы ала алмауына әкеп соқтырған. Қадағалау актісі бойынша жоспардан тыс сатып алынған өнімдер сатып алу актісінен алынып, жедел ден қою шарасын қолдану туралы қаулылардың күші жойылды, - делінген облыстық прокуратура хабарламасында.

Кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін аудандық басқарма басшысы мен бас маманы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 173-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 432 500 теңге айыппұл салынды.

Бұған дейін біз Абай облысының прокуратурасы 3,4 мың кәсіпкердің құқығын қорғағанын жаздық.