2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні

Қызылордада кәсіпкерлік саласындағы заңбұзушылықтар саны 42%-ға артқан

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Биыл 8 айда Қызылорда облысындағы кәсіпкерлік субъектілерін тексеру нәтижесінде 732 заңбұзушылық анықталды.

Фото: accountingweb

Бақылау және қадағалау органдарының бизнес-қоғамдастыққа есеп беру жиынында мәлім болғандай, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 42%-ға жоғары.

Заңбұзушылықтардың басым бөлігі санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы, еңбек заңнамасы мен жұмысшылардың құқығын қорғау, салықтық әкімшілендіру және жер қатынастары салаларына тиесілі. 

— Биыл мемлекеттік органдар тарапынан бизнес субъектілеріне 34 негізсіз тексеру жүргізілген. Мұндай жағдайларға жол берілмеуі тиіс. Бақылау-қадағалау органдары бизнеске қатысты тексеру шараларын тағайындау кезінде заңнама талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз етуі қажет, — деді облыс әкімінің орынбасары Нұриддин Аманқұл.

Еске салайық, жуырда Байқоңыр қаласының прокуратурасы Қармақшы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тарапынан кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу фактісін анықтады.