Қызылордада «Қазақстан ұлттық урбан форумы-2025» халықаралық форумы басталды

Фото: Нұрболат Нұржаубай

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — «Қазақстан ұлттық урбан форумы — 2025» жиыны — қалалардың болашағын жобалайтындар үшін басты оқиға. Іс-шараны Қызылорда облысының әкімдігі UN-Habitat және басқа да бірқатар серіктестің қолдауымен ұйымдастырды.

Форум жұмысына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілдері, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, сондай-ақ БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча, БҰҰ Хабитат ұйымы, БҰҰ Қазақстандағы өкілдері, еліміздің барлық өңір әкімдіктерінің өкілдері қатысты.

Жиынның алғысөзінде Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бұл форум елдегі урбанистика саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған тарихи бастама екенін атап өтті.

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақстан орнықты урбанизация үрдісімен келе жатыр. Тұрғын саны миллионнан асатын қалалар еліміздің жаһандық бәсекелік қабілетінің тірегі, ал облыс орталықтары өз өңірлері өсімінің өзегі болуға тиіс» деген болатын. Бүгінгі урбанизация дәуірінде қалаларды тұрақты дамытуда экологиялық тепе-теңдікті сақтау, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру — басты міндеттердің бірі. Қызылорда — дәстүрлі аграрлы аймақ. Қызылорда мегаполис болмағанымен, қарқынды урбанизация жолына түскен, өз деңгейінде қалалық инфрақұрылым мен өмір сүру сапасын арттыру, экономиканы әртараптандыру бағытында нақты қадам жасап келеді. Қалалық халықтың үлесі өсіп, облыс тұрғындарының шамамен 50%-ға жуығы облыс орталығында тұрады. Біз урбанизацияны жай ғана құрылыс емес, адамға бағытталған қауіпсіз, таза, инклюзивті, қолжетімді әрі зияткер, экологиялық қалалар құру үдерісі ретінде қабылдаймыз, — деді аймақ басшысы.

«Қазақстан ұлттық урбан форумы — 2025» жиыны — қалалардың болашағын жобалайтындар үшін басты оқиға. Іс-шараны Қызылорда облысының әкімдігі UN-Habitat және басқа да бірқатар серіктестің қолдауымен ұйымдастырды.

— Бұл — жай ғана оқиға емес, жаңа дәстүрдің бастауы. Қазақстан UN-Habitat аясындағы жаһандық қозғалысқа қосылды, мұнда әрбір сөз нақты өзгерістер қадамы. Біз урбанистік болашақ туралы айтып отырмыз және оны дәл қазір, осы жерде құрып жатырмыз, — деп атап өтті ұйымдастырушылар.

Қызылорда облысының әкімі атап өткендей, халықаралық форум — өңірлер, сарапшылар мен мемлекет арасында тұрақты диалог құру үшін Қазақстанның ресми тұғырнамасы.

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Форумның миссиясы — урбанистиканы талқылау ғана емес, жаңа шешімдер жүйесін құру. Ол үш деңгейді қамтиды: әлемдік (UN-Habitat аясындағы жаһандық форумдарға қатысу), аймақтық (басқа елдермен тәжірибе алмасу), ұлттық (ел аумағындағы қалалар мен қауымдастықтар арасындағы диалог).

Басты тақырып — «Өңірлерден бастау алатын кешенді қалалық қайта құру: Қазақстандағы теңгерімді, инклюзивті және климаттық өзгерістерге төзімді қалаларды қалыптастыру».

Форумға қатысушылар жаңа қалалық күн тәртібіне (New Urban Agenda) және орнықты даму мақсаттарына сәйкес қаланың инклюзивті және теңгерімді дамуын ілгерілету бағдарларын, қалалар мен ауылдар арасындағы байланысты, климаттық бейімділікті, оған жастардың қатысуын, сондай-ақ басқарудағы цифрлық тәсілдерді талқылап жатыр.

Бұған дейін біз 8 шілдеде алғаш рет Қызылорда қаласында Қазақстан Қазақстан ұлттық урбан форумы өтетінін хабарлағанбыз.