Эндопротездеу — ең жиі жасалатын ортопедиялық оталардың бірі. Бұл отада зақымдалған буын жасанды имплантпен алмастырылады. Жоғары технологиялық ота қор есебінен қаржыландырылады.
— Қызылорда қалалық көпбейінді ауруханасында МӘМС аясында жыл сайын 100-ге жуық осындай ота жасалады. Біреуінің құны — шамамен 1,6 млн теңге. Отадан кейін пациенттер стационарлық оңалтудан өтеді. Бұл қызмет түрлері МӘМС жүйесі арқылы тегін, — деді аурухананың травматолог-дәрігері Еркебұлан Молданазаров.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, былтыр МӘМС аясында елімізде 1,1 трлн теңгеге медициналық көмек көрсетілді. Көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 12%-ға жоғары.