Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметіне сенсек, Үкіметтің Жол картасына сәйкес келесі жылы күріш егістігінің көлемін 77,7 мың гектарға қысқарту жоспарланып отыр.
— Оның орнына суды аз қажет ететін жүгері, соя және майлы дақылдар егіледі. Сондай-ақ су үнемдеу технологияларын қолдану аясы кеңейеді. Бұл ретте егістік жерді лазерлік тегістеу жұмыстары тиімділігін көрсетті. Биыл диқандар күріштің 60 мың гектарын лазерлік тегістеуден өткізді. Осылайша суды 20% үнемдеу, өнімділікті арттыру мүмкін болды, — деді басқарма басшысы Талғат Дүйсебаев.
2026 жылы бұл көрсеткішті 65 мың гектарға жеткізіп, 2028 жылға дейін егісті толығымен тегістеу көзделген.
— Биыл 8,1 мың гектар егіс тамшылату, жаңбырлату әдісімен суарылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есе артық, — деді басқарма басшысы.
Осыған дейін біз өңірде өндірілген 60 435,9 тонна күрішті күрішті шет елдер сатып алғанын жазған едік.