Есепті кезеңде департамент 29 бақылау іс-шарасын өткізген. Оның 9-ы жоспарлы тексеру болса, 15-і жеке және заңды тұлғалардың өтініші негізінде, тағы 5-і мемлекеттік органдардың хабарламаларына сәйкес жүргізілген.
- Анықталған заңбұзушылықтардың басым бөлігі мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін сақтамауға қатысты – 4582 дерек. Сондай-ақ қызмет көрсету мерзімін бұзудың 1605, қызмет көрсетуден негізсіз бас тартудың 817 және бас тарту мерзімін бұзудың 192 дерегі тіркелген. Тексеру қорытындысы бойынша заңбұзушылықтарды жою жөнінде 9 ұсыныс енгізіліп, 21 нұсқау мен ұсыным берілген. Нәтижесінде 20 тапсырма орындалды, 1-еуі орындалу үстінде. Сонымен қатар 2 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды, - делінген хабарламада.
Бұдан бөлек жеке және заңды тұлғалардың өтініші негізінде жүргізілген тексеру барысында 49 заңбұзушылық анықталып, 10 қызметкер тәртіптік, 4 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
- Жалпы, мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы заңбұзушылықтарға жол берген 18 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ал рұқсат құжаттарын беру мерзімі мен тәртібін бұзғаны үшін 31 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 2 млн 750 мың 700 теңге айыппұл толық өндірілді. Бақылау шараларының нәтижесінде 1608 қызмет алушының бұзылған құқығы қалпына келтірілді. Оның 1594-і жоспарлы тексеру, 10-ы өтініштер бойынша жүргізілген тексеру арқылы, тағы 4-і сұрау салу тәртібімен қалпына келтірілді, - деп мәлімдеді ведомство.
Бұған дейін Ақмола облысы Есіл ауданының прокуратурасы интернет арқылы букмекерлік кеңселерде бәс тіккен екі мемлекеттік қызметшіні анықтады.