Медициналық ұйымның баспасөз қызметі хабарлағандай, мойын омыртқасына алғашқы күрделі ота шеберлік сағаты аясында жасалды.
Оған Шымкент қаласынан келген медицина ғылымдарының кандидаты, нейрохирург А.Сансызбаева және осы аурухананың бөлім меңгерушісі А.Әбдіқалықов, дәрігер-ординатор Н.Байдүйсенов бастаған жергілікті нейрохирургтар қатысты.
— Ота С1, С2 мойын омыртқаларының анатомиялық аймағында миды қанмен және оттегімен қамтамасыз ететін негізгі омыртқалық артериялардың орналасуына байланысты күрделі болып есептеледі. Сондықтан омыртқалық артерияларды зақымдамай, анатомиялық тұрғыдан дәл бағытта жұмыс істеу маңызды. Бұрандаларды омыртқалардың қауіпсіз аймағына орналастыру қажет, — делінген хабарламада.
Жергілікті дәрігерлер бұл әдісті алдағы уақытта өз бетінше тәжірибеде қолданбақ. Шеберлік сағаты аясында екі ота жасалды. Мамандар екі науқастың да жағдайы қанағаттанарлық екенін, неврологиялық тапшылық байқалмайтынын айтып отыр.
Бұған дейін біз Қызылорда облысының тұрғыны хирургиялық отадан кейін денесінде дәке тампоны қалып қойғанын айтып, сотқа жүгінгенін жазған едік.