Қызылордада өңдеу өнеркәсібінің үлесі 30% ұлғайды

Алдағы 6 жылда Қызылорда облысында 65 жоба іске қосылып, 9 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев елордада есептік кездесуінде айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

«Биылғы 10 айда өңдеу өнеркәсібі 24,2 пайызға, ауыл шаруашылығы – 2,6 пайызға, құрылыс жұмыстары көлемі – 21,2 пайызға, тұрғын үй – 16,7 пайызға, сауда – 4,3 пайызға, көлік және қоймалау көлемі – 8,8 пайызға, негізгі капиталға тартылған инвестиция – 27,7 пайызға артты. Жеке инвестициялар 34,6 пайызға өсті», - деді Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Әкімнің айтуынша, облыстың бюджеті 609 млрд теңгеге жетті, 57 пайыз өсім бар.

«Облыстың даму бюджетінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есеге артты. Соңғы 10 жылда аймақта мұнай қоры сарқылып, өнеркәсіп өндірісінің көлемі көп жылдар бойы төмендеп келеді. Өнеркәсіптің басқа да өндірістерін дамытуды қолға алдық. Соның нәтижесінде өнеркәсіп өндірісінде оң серпін қалыптасып, 1,3 пайыз өсім байқалды», - дейді өңір басшысы.

Сонымен бірге, Қызылорда облысында алдағы 6 жылда құны 1 трлн 100 млрд теңгені құрайтын 65 жоба жүзеге асады, 9 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылады.

Биыл құны 14 млрд 100 млн теңге болатын 15 жоба іске қосылды. Қабылданған шаралар негізінде өнеркәсіп құрылымдарында өңдеу өнеркәсібінің үлесі 30 пайызға ұлғайған.