Қызылордада өрт шарпыған аумақ көлемі бірнеше есе артты

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Күн ысығалы бері Қызылорда облысының мемлекеттік орман қоры аумағында 26 өрт оқиғасы тіркелді.

Фото: Атырау облыстық ТЖД

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жалпы аумағы 1295 гектардан астам жерді қызыл жалын шарпыды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бірнеше есе жоғары.

Фото: Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті

— Өрттің басым бөлігі Жалағаш, Шиелі, Арал және Сырдария аудандарында тіркелген. Біраз өрт ошағы геопортал жүйесі мен рейдтік іс-шаралар барысында анықталса, кейбір жағдайлар қалдық немесе шөп өртеу кезінде талапты сақтамағаннан болған. Ашық отты пайдалану кезіндегі салғырттық та тілсіз жауға жол ашып берген. Кінәлілер жауапкершілікке тартылып, тиісті іс-шаралар қабылданды, — деді департаменттің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Бейбітхан Спанов. 

Өңірде қауіпсіздік талаптарының сақталуына бақылау күшейді. Жыл басынан бері орман шаруашылығы, полиция және жергілікті атқарушы орган өкілдерінің қатысуымен 50-ден астам рейд ұйымдастырылды. 125 профилактикалық іс-шара өтті. Оған 1400-ден астам тұрғын қатысты.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бұған дейін өрттің басым бөлігі тұрғын үй секторларында тіркелгенін мәлімдеген болатын.