Қызылордада өзге этнос өкілдері де Наурызды тойлады
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Наурызнама онкүндігінің Ынтымақ күнінде облыстағы этномәдени бірлестіктер, облыстық ҚХА және «Қоғамдық келісім» КММ «Наурыз - достық алаңы» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырды.
Осы күні наурыз көже мен палау әзірленіп, этнос өкілдері мен мекеме қызметкерлері асық ату, ләңгі тебу, гір көтеру және арқан тартудан өзара сынға түсті.
— Қазақ халқы ұлттық ойындарға бай. Осы ойындар арқылы ұрпақтың мықты әрі жігерлі болып өсуіне ықпал етіп, олардың береке-бірлігі мен ынтымағын жалғастырып отырған. Біз де Ұлыстың ұлы күнінде осы мерекені асыға қарсы алып, қазақтың ұлттық ойындарын бірге ойнаймыз, — деді неміс этномәдени орталығының төрайымы Ирина Шек.
Мерекелік шара соңында жеңімпаз қыз-жігіттер мен мен командаларға сый-сияпат жасалды.
Наурыз мейрамы еліміздегі барлық ұлт өкілін жаңару, бірлік және ізгілік секілді құндылықтар арқылы біріктіреді.
Айта кетелік Астанада Наурыз мерекесіне арналған ауқымды іс-шаралар өтіп жатыр.