Қызылордада пиротехникалық өнімдерге қатысты 12 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда облысында облыс көлеміндегі базарлар мен ірі сауда орталықтарында пиротехникалық өнімдерді дұрыс қолданбауға қатысты 12 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Облыс көлемінде 5 желтоқсан - 3 қаңтар аралығында «Пиротехника» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Іс-шара барысында заңды және жеке тұлғалардың пиротехникалық өнімдерді сақтау, сатып алу және тасымалдау тәртібінің сақталуын тексеру жағдайы назарға алынды.
- Сондай-ақ, сертификатталмаған өнімді жеткізушілер мен осы өнімдердің салдарынан болатын төтенше жағдайлардың алдын алу да дәл осы профилактика кезінде анықталады. Осы іс-шара барысында облыс көлеміндегі базарлар мен ірі сауда орталықтарында облыстық полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы мен ТЖД қызметкерлерімен бірге рейд жұмыстары жүруде. Іс-шара барысында барлығы 12 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 254 дана пиротехникалық бұйым тәркіленді. Бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табатын болады, - деді облыстық Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұркен Бақтияров.
Облыс бойынша жаңа жылдық мерекелік іс-шаралар өтетін 523 объектінің тізімі нақтыланды.
Облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Асхат Оразбеков барлық іс-шара өтетін орындардың өрт қауіпсіздігі жағдайына тексеру жүргізілгенін атап өтті.
- Нәтижесінде 119 өрт қауіпсіздігінің бұзушылығы анықталып, жою үшін нұсқама берілді. Айта кетсек, пиротехникалық бұйымдарды қолдану барысында нұсқаулықты мұқият оқып, фитильді қол созым арақашықтықта тұтандырып, қауіпті аймақтан кемінде 20 метр қашықтықта орналасу қажет. Сонымен қатар, тұтандырылған пиротехникалық бұйымдарды қолда ұстауға, оларды бөлме ішінде пайдалануға қатаң тыйым салынады, - деді А.Оразбеков.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордалық құтқарушылар 90 жастағы қарияға көмек көрсетті.