Қызылордада полицейлер 76 киікті заңсыз тасымалдаған күдіктілерді ұстады
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылордада «Браконьер» іс-шарасы барысында полицейлер 76 киікті заңсыз тасымалдаған күдіктілерді оқиға орнында ұстады.
6 ақпанда сағат 22:30-де Қызылорда қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция қызметкерлері «Браконьер» іс-шарасы аясында «Жезқазған-Қызылорда» тасжолында «Toyota Hilux» және «Toyota land Сruiser» автокөліктерін тоқтатпақшы болды. Күдіктілер полицияның тоқтату туралы заңды талабына бағынбай, бой тасалағысы келген.
«Тәртіп сақшылары күдіктілерді ұстады. Оқиға орнына жеткен жедел тергеу тобы тексеру барысында екі көліктен 76 бас киіктің ұшасын, және 9 оқ дәріні тәркіледі.Аталған дерек бойынша ұсталған 28 және 35 жастағы қала тұрғындарына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде. Тиісті сот сараптамасы тағайындалып, оларға қатысты бұлтартпау шарасы шешілуде», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция ядепартаментінен.
«Браконьер» жедел-профилактикалык іс-шарасы барысында табиғат қорғау заңнамасының 2 дерегі анықталды. Бұдан бөлек 9 киік ұшасының алыну дерегі бойынша да тергеп-тексеру әрекеттері басталды.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында елді қорқытып, мүлік, ақша талап еткен адвокат 5 жылға сотталды.