Қызылордада полицейлер есірткі притонын жойды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылордада полицейлер есірткі притонын жойды.
Қызылорда облысы Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері облыс орталығында тұрғын үйлердің бірінде есірткі притонын жойды. Бұл шара «Нашақорлыққа жол жоқ» жобасы аясында Қызылорда облыстық прокуратурасының үйлестіруімен жүзеге асты.
- Үйді тінту кезінде қапқа салынған кептірілген шөп тәріздес және тостағанға құйылған белгісіз сұйық зат, газ плитасы, шприцтер және басқа да айғақты зат тәркіленді. Сараптама нәтижесімен тәркіленген зат 2 келіге жуық кептірілген марихуана және 25,5 миллиграм апиын (опиум) психотроптық заты екені анықталды. Оған қатысты сот санкциясымен 2 ай мерзімге күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы қолданылды. Аталған дерек бойынша тергеу амалдары жүргізілуде, - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында бұрынғы мектеп директоры «Артспорт» бағдарламасы бойынша жалған құжаттар ұсынып, мемлекетке 13,3 млн теңге шығын келтірген.