Қызылорда қаласында полиция қызметкері көпірден секірмекші болған әйел кісіні құтқарып қалды, деп хабарлайды Kazinform.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкері полиция сержанты Қуаныш Қайрат бір азаматшаның өмірін құтқарып қалды.
«Полиция сержанты қызметін атқару барысында сол жағалау бөлігіне баратын көпірден секірмекші болған азаматшаны байқаған. Дереу «102» арнасына хабарлама беріп, жедел-тергеу тобы келемін дегенше азаматшаны сөзге тартқан. Полиция сержанты әйел кісі төменге қарай секіруге әрекет еткен сәтінде белінен ұстап алып, оның өміріне араша түсті. Тексеру барысында тұрғынның суицид жасауына отбасылық кикілжіңнің әсер еткені белгілі болды. Қазіргі таңда азаматшаның жағдайы тұрақты», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.
Еске салсақ, Қызылорда облысында биыл қызметтік иттері көмегімен 143 қылмыс ашылған.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.