Қызылордада пробация талаптарын бұзған тұрғын сот залынан қамауға алынды

АСТАНА. KAZINFORM — Шиелі аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған азамат сот жүктеген міндеттерді орындамай, пробациялық бақылау талаптарын бірнеше рет бұзғаны үшін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Polisia.kz .

Фото: Kazinform\ЖИ

Тұрғын мал ұрлығы қылмысын жасағаны үшін сот үкімімен 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы бойынша пробациялық бақылауға алынған. Алайда есепке алынған сәттен бастап пробация қызметінің инспекторлары оған жазаны өтеу тәртібі мен заң талаптарын бірнеше рет түсіндіргеніне қарамастан, ол өзіне жүктелген міндеттерді орындамаған. Атап айтқанда, жазаны өтеуден қасақана жалтарып, электронды бақылау білезігін әдейі кесіп, бүлдірген. Сонымен қатар түнгі уақытта тұрғылықты мекенжайында болмаған. 

Аталған заң бұзушылықтары үшін оған 4 рет ескерту түріндегі тәртіптік шара қолданылған. Алайда ол тиісті қорытынды шығармай, пробациялық бақылау талаптарын бұзуды жалғастырған.

Осыған байланысты Шиелі аудандық пробация қызметі сотқа бас бостандығын шектеу жазасының өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы ұсыныс енгізген. 

Сот қаулысымен жазаның өтелмеген 1 жыл 2 ай мерзімі бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды. Осылайша, тұрғын сот залында қамауға алынды.

Пробациялық бақылаудың негізгі талабы — сотталған азаматтың заң талаптарын сақтап, сот жүктеген міндеттерді мүлтіксіз орындауы. Белгіленген тәртіпті қасақана бұзу заңда көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.

Айта кетейік, Қызылордада бір айда 139 адам пробациялық бақылау талабын бұзған.