Облыс прокуратурасы алаяқтыққа қарсы күресте жасанды интеллекті пайдаланып келеді. Бұл бағытта «IT ТERGEU» жобасын әзірледі. Ол жасанды интеллекттің мүмкіндігін сот-тергеу тәжірибесінде тиімді қолдануға бағытталған.
- Жоба үшін облыстық бюджеттен 85 млн теңге бөлініп, ақпараттық-талдау бағдарламалары сатып алынды. Олардың көмегімен 749 қылмыстық іс бойынша 1074 ұялы телефон нөмірлері тексерілді. Нәтижесінде 151 қылмыс дерегі ашылып, 62 қылмыскер ұсталды. Сондай-ақ, 2 кибер қылмыстық топ, 52 дроппер мен хабар-ошарсыз кеткен 91 адам табылды. Интернет алаяқтық бойынша 264 қылмыстық істің 78-і сотқа жолданып, көрсеткіш 29%-ға артты. Банктер мен микроқаржы ұйымдарына қатысты 52 істің күмәнді есепшот транзакцияларын тоқтату үшін антифрод орталығына сұраныс жолданды, - деп мәлім етті Қызылорда облыстық прокуратурасынан.
Өңірде профилактикалық жұмыстар аясында қаржы институттары өкілдерімен бірнеше ресми кездесу өткізілді. Сондай-ақ, ҚР Қылмыстық процестік кодексінің 200-бабына сәйкес 25 ұсыныс енгізілді.
Еске салсақ, Қызылорда облысында прокуратура инвесторды негізсіз салынған айыппұл төлеуден босатты.