Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп тексеру департаменті Qnet қаржы пирамидасымен айналысқан 3 күдіктіні қамауға алды, деп хабарлайды Kazinform.
Күдіктілер Қызылорда қаласының аумағында Qnet компаниясының құрылымдық бөлімшесін ұйымдастырған. Олар желілік маркетинг және электрондық коммерция деген желеумен Қызылорда қаласының 35 тұрғынынан 2019-2022 жылдардың аралығында 44 млн теңгеге жуық көлемде ақша қаражатын тартқан.
«Тергеу барысында жәбірленушілердің компанияға 840 мыңнан 1,2 млн теңге көлемінде қаржы салғаны белгілі болды. Сот санкциясы негізінде үш күдікті қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексiне сәйкес 201-бабына сәйкес басқа ақпарат жарияланбайды», - деп мәлім етті Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп тексеру департаментінен.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада жалған ақшамен сауда жасаған тұрғын бас бостандығынан айырылды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.