Қызылордада «Рәміздер рухы – Конституцияның күші» атты жалпыұлттық патриоттық акция өтті

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Бүгін Қызылордадағы Мемлекеттік рәміздер аллеясында облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен 4 маусым — Мемлекеттік рәміздері күніне арналған «Рәміздер рухы — Конституцияның күші» атты жалпыұлттық патриоттық акция өтті.

Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

Оған облыстық мәслихат төрағасы, облыс әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдарының басшылары, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы, зиялы қауым, саяси партиялар, этномәдени бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар, жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Фото: Қызылорда облысы әкімдігі
Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

Акция «Мемлекеттік рәміздер — тәуелсіздік символы» атты тақырыптық прологпен ашылды.

Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

Аймақ басшысы жиналған қауымды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, ел тәуелсіздігінің басты нышандарының тарихи мәні мен маңызына тоқталды.

Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

— Мемлекет басшысы: «Ұлт рәміздері — Тәуелсіздігіміздің киелі бойтұмары. Елтаңба, Ту және Әнұран — мызғымас мемлекеттігіміздің белгісі. Қастерлі нышандарымыз Қазақстанның егемен ел, еңселі жұрт екенін жер жүзіне әйгілейді. Байрағы биік елдің рухы асқақ болады», — деп атап өтті.

Біздің мемлекеттік нышандарымыз Қазақстанды күллі әлемге бейбітшілік пен татулықтың символы ретінде дәріптеуде. Көк туымыз халықаралық ареналарда, әлемдегі алпауыт ұйымдардың төрінде Тәуелсіз Қазақстанның атын танытты. Айбынымызды асырған Мемлекеттік рәміздерді құрметтеп ұлықтау, келер ұрпаққа аманат ету — біздің азаматтық парызымыз.

Баршаңызды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған мемлекеттік нышандарымыз болашаққа бастаған ұлы көшімізді демеп, игі істеріміздің ұйытқысы бола берсін! Бірлігіміз жарасып, жарқын болашаққа басқан әр қадамымыз нық, ел іргесі берік болсын! , — деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

Шарада хордың сүйемелдеуімен Мемлекеттік Әнұран шырқалып, жергілікті өнерпаздар патриоттық әндер орындады.

Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

Рәміздер күніне арналған акция ипподромда атты шерумен жалғасты. Сондай-ақ төтенше жағдайлар қызметкерлері Сырдария өзенінде Мемлекеттік Туды қайықпен алып жүріп, мереке мазмұнын айшықтай түсті.