Қызылордада «Шахмат керуені» сайысының жеңімпаздары анықталды

Еліміздің барлық аймағын аралаған «Шахмат керуені» Қызылорда қаласына келіп, жергілікті тұрғындар арасында сайыстар өткізілді, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Қазақстан шахмат федерациясы

Осыған орай орталық алаңда болған салтанатты шара облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет құттықтау сөзімен басталды.

«Алты Алашқа ана болған Сыр өңіріне «Шахмат керуені» келіп жатыр. Бұл – біз үшін маңызды оқиға. Өйткені облысымызда шахматтан үлкен жетістіктерге жетіп жүрген спортшыларымыз баршылық. Олардың қатарында 12 дүркін Қазақстан чемпионы, үш дүркін әлем, жеті дүркін Азия чемпионы, облыс тарихындағы тұңғыш ФИДЕ шебері Әсел Серікбай мен тоғыз дүркін Қазақстан чемпионы, оқушылар арасында әлем, Азия чемпионы Назерке Нұрғали сияқты мақтаныштарымыз бар. Әлі де ортамыздан болашақ гроссмейстерлер шығатынына сенімдімін», – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.

Облыста 14 175 адам, оның ішінде 7 189 ауыл тұрғыны шахматпен айналысса, өңірдегі жас зияткерлерге 365 жаттықтырушы сабақ береді.

Шара кезінде шахмат федерациясының облыстық филиалы ашылып, оның төрағалығына жеке кәсіпкер Асқар Махамбетов тағайындалды. Федерацияның вице-президенті Марат Есенов аймақтағы филиалдың ашылуы шахмат спортындағы жетістіктерді көбейтуге мүмкіндік беретіндігін жеткізді.

Қазірдің өзінде жүзеге асып жатқан көптеген бастама бар. «Мектептегі шахмат» пилоттық жобасы аясында Қызылорда облысындағы 5 мектептің оқушылары интеллектуалды ойынмен кәсіби түрде шұғылданып жатыр.

Алаңда тігілген мобильді киіз үйде швейцарлық жүйе бойынша 11 кезеңнен тұратын блицтен турнир болып, 20 адамның ішінен үш жеңімпаз гранд-финалға жолдама алды. Олар:
І орын – Ернұр Ержанұлы (11 ұпайдан 10);
ІІ орын – Әділет Ерсерік (9 ұпай);
ІІІ орын – Нұрсәт Оспан (8 ұпай).

Бір қызығы, І және ІІІ орын жеңімпаздары бір үйдің балалары болса, екінші орын иеленген жүлдегер – осы жеңімпаздардың жаттықтырушысы.

Марапаттаудан кейін керуеннің құрметті қонағы, халықаралық деңгейдегі шахмат шебері Әсел Серікбай бір мезеттік ойын сеансын өткізді. Сеансқа алдын-ала тіркелген 10 әуесқой шахматшы қатысты. Бұрыннан да Қызылорда қаласындағы мектептерде бір мезеттік ойындарды ұйымдастырып жүрген Әсел «Шахмат керуені» аясындағы сеансқа туған жерінде алғаш рет қатысты.

Айта кетсек, Қазақстан шахмат федерациясының аймақтардағы интеллектуалды спорт түрін дамыту үшін қолға алған жобасына Freedom Broker компаниясы бас демеушілік жасап отыр.