Қызылордада шет елден келген 382 адам тұрып жатыр
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Жыл басынан бері Қызылорда облысында 4 167 шетелдік уақытша тіркеуге алынды. Оның 4093-і ТМД мемлекеттерінен келген.
Осы уақытқа дейін екі мәрте жедел-профилактикалық іс-шара ұйымдастырылып, 265 шетелдіктің көші-қон заңнамасын бұзғаны анықталды. Оның ішінде 110 адам әкімшілік жолмен республика аумағынан аластатылды.
– Шетел азаматтарының уақытылы тіркелуін қамтамасыз етпеген 167 қазақстандық әкімшілік жазаға тартылды. Бүгінде 382 адам сырттан келіп, өңірімізге тұрақты қоныстанған, басым көпшілігі ТМД елдерінен, арасында сондай-ақ 82 этникалық қазақ бар. Есепті мерзімде 10 адамның ел азаматтығын алу жөніндегі өтініші қанағаттандырылды, – деді облыстық полиция департаменті көші-қон басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Сағындық Қамитбеков.
Сондай-ақ 21 мың адам жеке басын растайтын құжаттарын алды. Мүмкіндігі шектеулі адамдар, зейнеткерлер мен көпбалалы аналарға мобильді топтар үйіне барып қызмет көрсетті.
Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Аслан Аталықов биыл елімізге 3 млн-ға жуық шетелдік келуі ықтимал екенін айтты.