Қызылордада Сырдария арқылы өтетін жаңа көпір салынады

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылордада Сырдария өзені арқылы өтетін жаңа көпір құрылысы басталып, нысанның капсуласы салынды.

Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

Жаңа көпір И.Тоқтыбаев көшесінен Сырдария өзені арқылы өтеді. Құрылыс жұмыстарын «ВД Строй Инжиниринг» компаниясы жүргізеді. Көпірдің ұзындығы 338 метр, ені 23 метр болады.

Капсула салу рәсіміне облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, Құрылтай депутаттары, құқық қорғау органдарының басшылары, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.

Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

– Бүгін сіздермен бірге тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз. Сырдария өзені арқылы өтетін жаңа көпір капсуласын салу жаңа нысан құрылысына ғана емес, аймақ дамуының жаңа белесіне бастау болмақ, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы өңірде инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында бірқатар жоба жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

Қазір Жаңақорған, Шиелі, Қазалы және Сексеуіл теміржол вокзалдарындағы жұмыстар толық аяқталған. Талап бекетіндегі жолаушылар платформасы қайта жаңғыртылып, Жалағаш пен Тереңөзектегі екі қызмет көрсету пунктінде жұмыстар жалғасып жатыр. Сондай-ақ Арал теңізі, Төретам және Жосалы теміржол вокзалдары қайта жаңғыртудан кейін пайдалануға берілді.

Сырдария өзенінің қорғаныс бөгеттерін нығайту жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Өзен жағалауында екі жолақты жаяу жүргіншілер және велосипед жолдары салынып жатыр. Жоба жағалауды су тасқынынан қорғаумен қатар, тұрғындарға қолайлы демалыс аймағын қалыптастыруға бағытталған.

Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

Биыл Қызылорда қаласының жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға жалпы құны 30 млрд теңге болатын 22 жоба іске асырылып жатыр.