Қызылордада спорт саласының үздіктеріне құрмет көрсетілді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Бүгін Қызылорда қаласында Спорт күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, зиялы қауым өкілдері мен спорт саласының ардагерлері қатысты.

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Аймақ басшысы саланы дамытуда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, спортшылардың жетістіктеріне жоғары бағасын берді.

Сыр өңірінің спортшылары әлемдік додалар мен ел біріншіліктерінде әрдайым жеңіс тұғырынан көрініп, еліміздің атын әлемге танытып жатыр.

Халықаралық аренада көк туымызды көкке көтерген сырбойылық спортшылар жыл басынан бері әлем, Азия чемпионаттарынан 31 алтын, 16 күміс, 22 қола медаль жеңіп алды. Ал ел біріншіліктерінде 120 алтын, 100 күміс, 162 қола медальға қол жеткізді.

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Өткен айда Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен волейболды отырып ойнаудан әлем чемпионатында ұлттық құрама өкілдері қола жүлдеге ие болды. Ұлттық құрама сапында жерлестеріміз Эрик Қасқабаев, Шыңғыс Медеуов, Ерасыл Әбдібек өнер көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғады. Шыңғыс Медеуов әлем чемпионатының «Үздік ойыншысы» атанды.

Өткен аптада Германияның Дортмунд қаласында өткен грек-рим күресінен халықаралық турнирде Сыр мақтанышы Айдос Сұлтанғали жеңімпаз атанып, ел мерейін үстем етті.

Күні кеше ғана «Қайсар» футбол командасы Қазақстан кубогының жартылай финалында астаналық «Жеңіс» командасын жеңіп, финалға жолдама алды.

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бұл жетістіктер – мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар мен Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің жемісі, - деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Салтанатты іс-шарада волейболды отырып ойнаудан әлем чемпионатында қола жүлде алған ұлттық құрама сапындағы Сыр спортшыларына аймақ басшысы 1 млн теңге қаржылай сертификат табыстады.

Сонымен қатар спорт саласының дамуына үлес қосқан азаматтар облыс және Туризм және спорт министрлігінің наградаларымен марапатталды.

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Айта кетейік, соңғы төрт жылда Сыр өңірінде Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен, сол кездегі аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен 11 мың орындық «Kaysar Arena» стадионы, Теннис, Инклюзивті спорт орталықтары және 24 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді.

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Қаланың сәулеттік келбетіне көрік берген жаңа стадионға УЕФА-ның 4- санаттағы жоғары мәртебесі беріліп, республикалық және халықаралық футбол ойындарын өткізуге мүмкіндік алды.

Облыс орталығында аумағы 25 мың шаршы метр «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Нысан жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі деп жоспарланып отыр.

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгінде аймағымызда 388 мыңнан астам тұрғын бұқаралық спортпен жүйелі шұғылданады. Спорт резерві мен жоғары дәрежелі спортшыларды даярлайтын 33 спорт мектебінде 22 мыңнан астам шәкірт кәсіби бағытта тәрбиеленеді.