Осыған орай Қызылорда облысының бірінші саты соты дроперлік қызметпен айналысқан 16 адамға қатысты 16 іс бойынша айыптау үкімдін қабылдады.
- Дроперлер алаяқтық схемаларда делдал ретінде әрекет етеді. Олардың негізгі қызметі – заңсыз жолмен келген ақшаны қабылдау, оларды басқа банктік шоттарға аудару немесе қолма-қол ақшаға айналдырып, ұйымдастырушыларға беру. Құқықбұзушылықтың ауырлығына байланысты кінәлі тұлғаларға айыппұлдан бастап 7 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, - деді облыс прокуроры Ризабек Ожаров.
Ал қылмыстық кодекстің сталкинг бабымен 4 адамға қатысты айыптау үкімдері қабылданған.
- Сталкинг – адамның еркінен тыс оны жүйелі түрде мазалау, аңду, байланыс орнатуға тырысу және психологиялық қысым көрсету әрекеттері. Бұл – заңмен тыйым салынған құқықбұзушылық. Қылмыстық кодексте ол үшін екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұл, екі жүз сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту немесе елу тәулікке дейін қамау түріндегі жаза көзделген. Осы орайда азаматтарға алаяқтық схемалардың құралына айналмауды, банктік деректерін үшінші тұлғаға бермеуді және азаматтардың жеке өміріне қол сұқпауды ескертеміз, - деді облыс прокуроры.
Айта кетейік, сталкинг үшін қылмыстық жауапкершіліктің енгізілуі Қазақстанда жеке тұлғаны құқықтық қорғау тетіктерін нығайту мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы маңызды қадам болды.