Аймақ басшысы атап өткендей, облыс аумағында 144 автогаз құю станциясы, 6 газ сақтау қоймасы арқылы 15 оператор сұйытылған газды сатумен айналысады.
— Осы жылдың 23 сәуірінде «Қызылорда Газ» мекемесі алғашқы болып газ бағасын көтерген. Содан соң өзге операторлар да біртіндеп қоса бастады. Облыс әкімдігі жүргізген жұмыстың нәтижесінде операторлар бағаны бірте-бірте бұрынғы деңгейге түсіре бастады. Дегенмен, «Қызылорда газ», «Авто Газ Стэйшн», «Каз Авто Газ Сервис» операторлары 5 теңгеге қымбаттатып, тұрғындарға ұсынып келеді. Осыған байланысты жауапты сала басшыларына газ бағасын бұрынғы деңгейге шұғыл қайтаруды, халыққа шектеусіз түрде сатуды, басқа өңірлерге рұқсатсыз тасымалдауға жол бермеуді қатаң тапсырамын. Басқа көздерден болса да коммерциялық газды облысқа жедел жеткізіп, әлеуметтік бағамен сатыңыздар. Барлық тапсырма сапалы әрі уақытылы орындалуы тиіс, — деді Мұрат Ергешбаев.
Операторлар жанармай бекеттеріндегі бағаның құбылуын коммерциялық газ бағасының өсуімен, кейбірі қосымша құн салығының артуымен байланыстырып отыр. Дегенмен, қала және аудан әкімдіктеріне операторлардың газ қорына тұрақты мониторинг жүргізу, тапшылыққа жол бермеу үшін газ бағасын зерделеу міндеті жүктелді. Аймақ басшысы газ Үкіметтің ерекше назарында тұрғанын, сұйытылған газды тұрғындарға тиімді бағамен ұсыну басты міндет екенін атап өтті. Сұйытылған газдың шекті бағасына қатысты ахуал қатаң бақылауда болатынын ескертті.
Бұған дейін біз елімізде газдың көтерме бағасын жоғарылату қарастырылып жатқанын жазғанбыз.