Қызылордада тағы бір ірі инвестициялық жоба іске асырылып жатыр

Фото: Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында швейцариялық Harvest Agro компаниясының қатысуымен ауқымды инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. 

Жоба аясында өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған заманауи агроиндустриялық кластер құрылады.

Үшжақты келісім өткен жылдың қазан айында Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қызылорда облысының әкімдігі және Harvest Agro арасында жасалған. Инвестициялық жобаның жалпы құны 51 млрд теңгені құрайды. Нәтижесінде аймақта 150-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Жоба бойынша 23,5 мың гектар алқапта техникалық қарасора, жүгері және соя дақылдары өсіріліп, қайта өңделмек.

Бірінші кезеңде биыл 8,5 мың гектар суармалы жер игеріліп, тұқым өңдеу зауыты салынады.

Екінші кезеңде егіс көлемі екі есеге ұлғайып, қайта өңдеу қуаттылығы жылына 60 мың тоннаға дейін жетеді.

Жоспар бойынша жыл сайын:
• 42 мың тонна техникалық қарасора
• 70 мың тонна жүгері
• 20 мың тонна соя өндіріледі

Бұл көрсеткіштер еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда компания 6 мың гектар жерді тегістеу жұмыстарын бастап кетті. Алаңда 110 техника, 15 жаңбырлатып суару жүйесі орнатылып, 200 адам жұмыс істеуде. Су үнемдеу мақсатында центрпивотты жаңбырлатқыш технологиялар қолданылуда.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде суды көп қажет ететін күріш алқаптарын кезең-кезеңімен алмастыру мақсатында әртараптандыру арқылы жүгері сияқты балама дақылдарға көшу қолға алынған. Былтыр жүгері 1700 гектарға егілсе, биыл бұл көрсеткіш 10 мың гектарға жетпек.

Жоба Сыр өңірінің су ресурстарын тиімді пайдалануға, ауыл халқының табысын арттыруға және Қызылорданың аграрлық әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.