Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы хабарлағандай, алты күнге созылған өнер додасында еліміздің әр өңірінен келген театр ұжымдары үздік қойылымдарын сахналап, көрерменге сан қырлы шығармашылық ізденістерін ұсынды.
- Фестиваль қорытындысы бойынша Ф.М.Достоевский атындағы мемлекеттік орыс драма театрының «Қылмыс пен жаза» спектаклі «Үздік спектакль» атанды. «Үздік актерлік ансамбль» номинациясын Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының «Іс №20/25» қойылымы иеленсе, «Үздік сценографиялық шешім» жүлдесі Астана қаласының «Жастар театры» ұсынған «Қарагөз» спектакліне берілді. Жеке номинациялар бойынша Алтынай Нөгербек, Мәулен Сүлеймен, Зәмзәгүл Бегайдарова марапатталды. Ал «Үздік хореографиялық жұмыс» аталымында Атырау жастар театрының «Қаралы сұлу» спектаклінің қоюшы-хореографы Анна Цой жеңімпаз атанды. Облыс әкімінің арнайы жүлдесі – «Бағыбек Құндақбаев атындағы сыйлық» Б.Римова атындағы академиялық драма театрының актері Медет Батырханға «Жәмилә» спектакліндегі Бала Сейіт рөлін шебер сомдағаны үшін табысталды, - делінген хабарламада.
Сыр өңірінде өткен республикалық фестиваль театр өнерін дамытуға серпін беріп, ұлттық руханиятты дәріптеген маңызды мәдени оқиға болды.
Айта кетейік, республикалық іс-шара 24 қазанға дейін жалғасты.