Жуырда тағы бір жазасын өтеуші үйленді. Ол қарақшылық және кісі өлтіру бабымен 20 жылға сотталған.
– Бүгін мен үшін қуанышты күн. Отбасылы болып жатырмын. Істі болмай тұрып, өмірлік серігіммен достық қарым-қатынас орнатқанмын. Болашаққа жоспарым көп еді. Бізге мекемеде түрлі психологиялық тренингтер өткізеді. Осы тренингтерге қалмай қатысамын. Жұмысым да бар. Мекеменің өндіріс аймағындағы кірпіш цехында еңбек етіп жүрмін. Жалақымды енді отбасыма жіберемін, - дейді ол.
№37 мекемесінің заңгері Жалғас Есмахановтың айтуынша, түзеу мекемелерінде жазасын өтеушілер некеге тұру үшін заңгерлерден кеңес алып, өтініш жазады. Одан соң АХАТ мамандары жазған өтініштері негізінде, олардың некесін қиып, неке куәліктерін табыстайды.
– Бас бостандығынан айыру орындарда неке қию сотталғандарға оң әсер етеді. Сотталған отбасылы болған соң, мерзімінен бұрын босатылып шығуы үшін тәртібін дұрыстап, өмірге деген көзқарасы өзгереді. Сондай-ақ қоғамда өз орнын табуға және түзеу мекемесінен шыққан соң отбасы алдындағы жауапкершілікті сезінеді. Өтініш берген жазасын өтеушілер арасында ұзақ жыл бірге тұрып, некеге тұрмағандар да кездеседі, - дейді Жалғас Есмаханов.