Kazinform тілшісінің «Қызыл кірпіштің орнын не басады?» деген сұрағына облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төрәлиев жауап берді.
- Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлы аймақты басқарған тұста қызыл кірпішті алмастыратын жаңа материал тауып, соны пайдалану туралы тапсырма жүктеген болатын. Тапсырманы орындау мақсатында біз фиброцементті панельді қолдануға көштік. Өте сапалы материал. Ал қазіргі кезде алюминий композитті панельді қолданысқа кеңінен енгізе бастадық. Кепілдік мерзімі 25-30 жылға дейін барады. Күннің ыстығын нысанның ішіне жібермей ұстайды, салқын кезде жылу үй немесе ғимараттың ішінде сақталады. Ешқашан шірімейді. Алдағы уақытта жаңадан салынатын тұрғын үйлердің сыртын сонымен қаптау жоспарланған, - деді ол.
Басқарма басшысы Қызылорда қаласында неліктен зәулім үй-жайлар салынбайтынын айтып берді.
- 25 қабатты тұрғын үйдің шаршы метрінің құны өте қымбат, экономикалық жағынан тиімсіз. Есептеуімізге сәйкес облыс орталығы үшін тұрғын үйлер мен ғимараттарды 7, 9, ең әрісі 12 қабатты етіп салған тиімді. Одан тым биіктетуге топырақ жағдайы мүмкіндік бермейді, - деді Ерлан Төрәлиев.
Айта кетейік, Қызылорда қаласындағы үйлер мен нысандардың басым көпшілігі бес қабаттан аспайды.
Бұған дейін біз үш жылда Қызылорда қаласында 1 млрд 775 млн теңгеге 60 ескі көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері заманауи панельмен қапталғанын жаздық.