Тамыз конференциясы: Қызылордада үздік ұстаздар мемлекеттік наградалармен марапатталды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Бүгін Қызылордада «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: Адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» атты облыстық педагогикалық тамыз конференциясы өтті.

Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

Алқалы жиынға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Жәмилә Есанова, Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, зиялы қауым өкілдері, білім саласының ардагерлері мен ұстаздар қатысты.

Тамыз конференциясында аймақтың білім беру саласындағы жетістіктер мен маңызды бастамалар жан-жақты талқыланды.

Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

«Жаңа оқу жылы қарсаңында алдағы даму бағытын белгілеу өте маңызды. Ұстаздардың республикалық тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанның тірегі болатын жауапты әрі адал азаматтарды тәрбиелеу – бәріміздің ортақ міндетіміз» деп атап өтті.

Президентіміз өз сөзінде Қызылорда облысының мектеп бітірушілері Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізгенін ерекше атап өтті. Түлектеріміз үшінші жыл қатарынан республикада бірінші орында. Бұл ең алдымен ұстаздардың табанды еңбегі мен мемлекет қолдауының нәтижесі деп білемін.

Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

Облыстың 967 түлегі «Алтын белгі», 1124 түлегі «Үздік аттестат» иегері атанды. Білім алушылардың жетістіктерін мониторингтеу нәтижесінде оқушыларымыз 4-сыныптар арасында республика бойынша үшінші, 9-сыныптар арасында екінші орынға ие болды. 
Мемлекет басшысы айтқандай: «Ұстаз – ұлттың шамшырағы». Осы жауапты жолда Сіздерге зор денсаулық, сарқылмас күш-қуат, шығармашылық ізденіс пен кәсіби табыс тілеймін. Жаңа оқу жылы баршаңызға тың бастамалар мен жарқын жеңістер әкелсін!» – деді аймақ басшысы.

Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

Облыс әкімі жауапты тұлғаларға жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізуде педагогтердің цифрлық құзыретін арттыруды, оқу процесінде тиімді әрі қауіпсіз пайдаланудың озық тәжірибелерін енгізуді, жас мұғалімдерді қолдау және тәлімгерлік институтын күшейтуді, балалардың заңды мүдделері мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, әлеуметтік осал топтағы балаларға көмек көрсетуді және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуды тапсырды.

Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қатысуымен Астана қаласында өткен тамыз кеңесінде Жалағаш ауданы Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейінің мұғалімі Айгүл Шілдебаева «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағымен марапатталған болатын. 

Ал «Орта білім беретін үздік ұйым» аталымы бойынша берілетін 34 млн теңге грантқа Жаңақорған ауданы бойынша білім бөлімінің № 286 мектеп-лицейі лайық деп танылды.

Бүгінгі басқосуда білім саласында еселі еңбек етіп жүрген ұстаздар мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды.