Қызылордада заңсыз ұсталған 14 адам уақытша ұстау изоляторынан босатылды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облыстық прокуратурасының есебінше, биыл 6 айда өңірде қылмыс деңгейі 10%-ға төмендеді.

Фото: bhr.tj

Қылмыстың алдын алу — прокуратура қызметіндегі негізгі басымдықтардың бірі. Осы мақсатта қылмыс жасауға бейім және бұрын сотталған азаматтармен профилактикалық жұмыс күшейді.

— Мобильді топтар есепте тұрған 1500-ден астам азаматтың тұрғылықты жері мен жұмыс орындарын тексеріп, олардың қайта қылмыс жасауына жол бермеу бағытында нақты шаралар қабылдады. Соның нәтижесінде аса ауыр қылмыс 5%-ға, қорқытып алу 80%-ға, ұрлық 34%-ға, мал ұрлығы 36%-ға және бұзақылық 48%-ға азайды, — делінген хабарламада. 

Қадағалаушы орган жұмысындағы тағы бір маңызды бағыт — азаматтардың конституциялық құқығы мен бостандығын қорғау.

— Азаматтардың құқығын заңсыз шектеуге жол бермеу мақсатында прокурорлар қылмыстық қудалау органдарының құқыққа тікелей әсер ететін 38 шешімімен келісуден бас тартты. Заңсыз ұсталған 14 адам прокурордың қаулысымен уақытша ұстау изоляторынан босатылды, — деп хабарлады облыстық прокуратура.

Тергеу сапасын арттыру мақсатында берілген нұсқау мен ұсыныстар нәтижесінде 310 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 37 адамның іс-әрекетін саралау туралы қаулыларға келісім берілген жоқ. Дәлелдің жеткіліксіздігіне байланысты 16 қылмыстық іс ақтау негізінде тоқтатылды. 

Еске салайық, биыл 6 айда Қызылорда облысында 35 мың жұмысшының құқығы, оның ішінде 9,5 мың жұмысшының конституциялық құқығы қорғалды.