Қызылордада жақсы жағдайдағы жолдар үлесі 95% асты

Фото: ОКҚ

АСТАНА. KAZINFORM — Қызылорда облысында 2022-2025 жылдары 1600 шақырым автожолдар мен 30 көпір өткелін салуға, күрделі жөндеуден өткізуге 150 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95%-дан асты. Бұл туралы өңір әкімі Нұрлыбек Нәлібаев айтып берді. 

Әкімнің айтуынша, биыл жол инфрақұрылымын дамытуға бюджеттен 50 млрд 605 млн теңге бөлініп, 329 шақырым автомобиль жолдары, көшелер мен көпір өткелдері жөндеуден өтті. Қызылорда қаласындағы 270 көше қайта жаңғыртылды.

— Жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызға жетті. Жақында ғана Қызылорда-Жезқазған автомобиль жолының облыс аумағындағы 216 шақырымы қайта жаңғыртудан өтіп, ел игілігіне берілді. Арал қаласында 3 млрд 140 млн теңгеге 940 метр аспалы көпір салынды, — деді Н. Нәлібаев елордада Орталық коммуникациялар қызметінде.

Сонымен бірге, 1 млрд 400 млн теңгеге тұрғындар ұзақ жыл күткен Жаңақорған кентіндегі темір жол үстінен өтетін көпір пайдалануға берілді.

Тағы 4 млрд 700 млн теңгеге Қызылорда қаласындағы теміржол асты автожол құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жол алдағы наурыз айында пайдалануға беріледі.

Ал Қармақшы ауданында 5 млрд 515 млн теңгеге темір жол арқылы өтетін көпірдің құрылысы басталады.

— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысы бағытындағы автомобиль жолын 4 жолақтыға ауыстыру бойынша демеушілер есебінен 350 млн теңгеге жоба әзірленді. Қала маңындағы айналма жол салу жұмыстары алдағы қаңтар айында басталады. Екінші бөлігі – Ақтөбе шекарасына дейінгі 462 шақырымның техникалық экономикалық негіздемесі әзірленді. Жоба құны – 832 млрд 812 млн теңге, — дейді облыс әкімі.

Президент биылғы Жолдауында «Сексеуіл-Бейнеу» автомобиль жолының құрылысын жеделдетуді тапсырған болатын. Автожолдың жалпы ұзындығы 559 шақырымды құрайды. Оның 189 шақырымы Арал ауданының бірқатар ауылдары арқылы өтетіндіктен облыстың ең шалғай елді мекендерінің жол қатынасы жақсарады.

Бұған дейін Нұрлыбек Нәлібаев Сыр диқандары да су тапшылығын сезінгенін, енді су үнемдеу технологияларын белсенді қолдана бастағанын айтқан еді.