Қызылордада жарылғыш зат туралы хабарлама жалған болып шықты

АСТАНА. KAZINFORM - Қызылордада жарылғыш зат туралы хабарлама жалған болып шықты.

Фото: Kazinform

Кеше, 12 маусымда кешкі уақытта Қызылорда қаласында орналасқан «Жібек жолы» сауда орталығында күдікті зат туралы полицияға хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына шұғыл түрде жедел қызметкерлер жіберілді.

«Тексеру барысында тыйым салынған заттар мен жарылғыш құрылғылар табылмады. Полиция қылмыстық құқық бұзушылық болып табылатын терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін жауапкершілік туралы ескертеді. Ол үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабында (Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) жаза көзделген. Осы бап бойынша 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық Полиция департаментінен.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада елден жинап алған 250 млн теңгесін казиноға жұмсаған адам сотталды.