Қызылордада жарты ғасырдан бері киіз үй тігетін отбасы тұрады
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысының орталығында үш буынды алмастырған киіз үй тігулі тұр.
Әйтімовтер әулеті үшін бұл – теңдессіз құндылық. Өйткені жеті қанатты ақбоз үй осы отбасының ауласында жарты ғасырдан бері жарасым тауып келеді.
– Оны әкем Кенжебай Әйтімұлы қарақалпақ қолөнершілерінен сатып алған екен. Үйге әкеліп түсіргені, алғаш рет құрғаны, аға-апаларымның жаппай көмектескені әлі көз алдымда. Біз кешеге дейін Жалағаш ауданының Ақарық ауылында тұрдық. 1975 жылы 1 қыркүйек күні бірінші сыныпқа осы киіз үйден шыққанмын. Екі жыл бұрын Қызылорда қаласына қоныс аудардық. Киіз үйді өзімізбен бірге ала келдік. Жылда мамыр айынан бастап құратынбыз. Биыл балалар «Наурызды киіз үйде қарсы алайықшы» дегесін көктем шығысымен орнатып қойдық, – деді Нұрсұлтан Әйтімов
Кейіпкеріміз әке-шешесі өмірден өтіп кетсе де екеуінің аманатына сызат түсірмей келеді.
– Әкемнің дүниеден өтер алдында айтқан бір ауыз сөзі санамнан өшкен жоқ. «Білегімнің күші қайтқанша осы қарашаңырақты қайда жүрсем де тігуді өзіме міндет етіп алғанмын. Қоғам бұлай тұра бермейді, бәрі өзгереді, ақша ауысады, сол кезде тарықтым деп сатып жібермей, ендігі жерде өзің еге бол» деп тапсырған еді. Рас, сатуымды өтінгендер болды. Бірақ бұл – әкемнің аманаты, одан аттап кете алмаймын, – деді ол.
Киіз үйдің диаметрі – 6,5 метр, биіктігі – 4,20 метр. Кейбір жабдығын Нұрсұлтан ағаның анасы Фарида Райымқұлқызы тоқыған.
– Оны құрудың өзі – біз үшін кішігірім той. Құратын кезде аға-жеңгелерім, ұлдарым мен келіндерім, немерелерім жиналып асарлатады. Әке-шешем бар кездегі балалық, жастық шағым есіме түсіп, көңілім марқайып қалады. Киіз үйдің ауасы бөлек қой, шіркін! Жанға жайлы, сап-салқын, – деді Нұрсұлтан Әйтімов.
Тарихи киіз үй көктемнен қара күз түскенше, қазан айына дейін құрылып тұрады.
Айта кетейік, Наурыз мейрамына орай Павлодар облысында 151 киіз үй тігіледі.