Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жастар жұмыссыздығын азайту және оларды әлеуметтендіру мәселесіне көңіл бөліп келеді. Соған сәйкес облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен «Мүмкіндіктер алаңы» іс-шарасы өтті.
Халықаралық жастар күніне орайластырылған «Жастармен бірге» ұлттық онкүндігі аясында ұйымдастырылған іс-шарада облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов аталған бастаманың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ аймақта жастарды жан-жақты қолдауға бағытталған жұмыстар мен жаңа жобалар жалғасатынын жеткізді.
Іс-шарада Қызылорда қалалық «Мансап» орталығы, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Аграрлық несие корпорациясы», «Отбасы банк», «Halyk bank» АҚ Қызылорда облыстық филиалдарының, Жастар денсаулығы орталығының мамандары өз салалары бойынша бағыт-бағдар берді.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 40-қа жуық жергілікті жұмыс беруші мекеме өкілдері, 3 жоғары оқу орны мен 10 кәсіптік-техникалық білім беру ұйымының қабылдау комиссиялары қатысты. Жастарға 36 мекемеден 222 бос жұмыс орны ұсынылды. Жәрмеңкеге 136 жұмыс іздеуші қатысып, 48-і жолдама алды.
Іс-шара соңындағы спорттық сайыстар мен мерекелік концертте жастар белсенділік танытты.
Айта кетсек, өңірде аймақ басшысының тікелей қолдауымен жастарды әлеуметтік қолдауға бағытталған жобалар жүзеге асырылып келеді. Облыста алғаш рет «Сыр жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы қабылданды. Нәтижесінде 60 жас отбасы жаңа пәтер иеленсе, 40 отбасы жыл соңына дейін қоныс тойын тойлайды деп күтілуде. Бұдан бөлек, жылдағы дәстүр бойынша мектеп бітіруші түлектерге 2024-2025 оқу жылына облыс әкімінің 100 оқу гранты тағайындалды.